Маңғыстау облысының тұтынушылары «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-не электр энергиясы бойынша 10 млрд. теңгеге жуық қарыз
Электр энергиясының тарифі Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы тұрғындары үшін 9%-ке, заңды тұлғалар үшін 20%-ке өсті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев хабарлады.
Спикер өңір бойынша тарифтің өзгеру себебін түсіндірді. Оның айтуынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап электр энергия қызметтеріне Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы тұрғындары үшін (қосылған құн салығымен қоса есептегенде) 17,88 теңгеден 19,49 теңгеге, немесе 9%; заңды тұлғалар үшін 19,96 теңгеден 23,95 теңгеге немесе 20%; бюджеттік мекемелер үшін 22,12 теңгеден 76,92 теңгеге немесе 247,7% өсті.
- Ал, Жаңаөзен қаласы тұрғындары үшін 21,03 теңгеден 22,09 теңгеге, немесе 5%; заңды тұлғалар үшін 28,57 теңгеден 28,86 теңгеге, немесе 1%; бюджеттік мекемелер үшін 28,57 теңгеден 33,94 теңгеге, немесе 18,8% көбейді, - деді Бердібек Қартбаев.
Сондай-ақ, Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау және Бейнеу ауданы тұрғындары үшін 18,86 теңгеден 19,49 теңгеге немесе 3,3%; заңды тұлғалар үшін 27,14 теңгеден 28,86 теңгеге немесе 6,3%; бюджеттік мекемелер үшін 27,14 теңгеден 46,59 теңгеге немесе 71,7% жоғарылады.
Спикердің айтуынша, тарифтің өсуіне тауарлық газ бағасының және электр энергиясын шығаруға қажетті материалдардың бағасының артуы себеп болды.
-Өздеріңізге мәлім, облыста – энергия өндіруші ұйым - «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС. Электр энергиясын өндірудің шекті тарифін 1 квт/сағатқа – 13,76 теңгеден 15,59 теңгеге немесе 13,3% өсірді. Бұл бағаны «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 14.12.2018 жылғы №514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» 30.06.2022 жылғы №226 бұйрығымен бекітті. Ал, өңірдегі энергия беруші және жеткізуші мекемелер «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ мен «Маңғыстау жарық» ЖШС жағдайы мүшкіл болды. Сондықтан олар да тарифті көтеру үшін ҚР Ұлттық экономика минстрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне өтініш жазды, - деді Бердібек Қартбаев.
Спикер сонымен қатар, облыс бойынша тұрғындардың электр энергиясына қарызы көбейгенін атап өтті. Тұтынушылардың электр энергиясына қарызы 10 млрд теңгеге жуықтаған. Қазіргі таңда «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де жабдықтарды модернизациялау қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан қажетті жұмыстар жүргізілмесе, бұл алдағы уақытта мекеменің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін деген қауіптің бар екендігін білдіреді. Бұл өңір тұрғындарының жарықсыз, ауыз сусыз және жылусыз қалу қаупі бар екенін білдіреді.
Брифингте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Бектеміров тарифті өсіру себептерін айтып өтті.
-Қазіргі кезде энергия шығаруға қажетті газ бен материалдар қымбаттады. Былтырғыға қарағанда биыл шығындарымыз 2 есе өсті. Сонымен қатар, өздеріңіз білесіздер, қызметкерлер жалақыны көтеру туралы талап етті. Бұл біздің жоспарымызда болмаған еді. Нәтижесінде 30%-ке көбейтуге тура келді. Ел арасында жабдықтар тозып кеткендіктен МАЭК бағаны көтерді, деген шындыққа жанаспайды. Негізгі себептерді айттым,-деді Руслан Бектеміров.
Ал, «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ өкілі «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС көтергеннен кейін тарифті заңды тұлғаларға ғана өсіргенін атап өтті.
Сонымен қатар, брифингте Маңғыстау облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Жандос Салимов тұрғындардан шағымдардың көп түскенін айтты.
- Осы уақытқа дейін тұрғындардан көп сұрақтар келіп жатыр. Біріншіден, энергия өндіруші мекемеге бағаны ҚР Энергетика министрлігі бекітті. Себептері айтылды. Ал, қалған тасымалдаушы және жабдықтаушы мекемелер бізге тарифті өзгертуге өтінім берді. Шекті бағадан тариф өскен. Соған байланысты электр энергиясын тасымалдаушы және электр энергиясымен жабдықтаушы ұйымдардың тарифті түзетуге қатысты өтінімдері қаралды,-деді Жандос Салимов.