Мұнайлы ауданында электр энергиясы тарифінің жаңа жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Маңғыстау Жарық» ЖШС-нің электрмен жабдықтау қызметтеріне атап айтқанда, тауарларға(жұмыс, көрсетілетін қызметтерге) шекті бағалардың алдағы уақытта көтерілуі туралы келіп түскен хабарламасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуде. Аталған қоғамдық тыңдау Түпқараған, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау және Мұнайлы ауданында, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қаласында өтті. Қоғамдық тыңдауларды өткізудің басты мақсаты нарықтағы тауардың баға қалыптастыру жариялылығын қамтамасыз ету және ұсынылған жаңа тариф жобасы бойынша тұрғындармен ақылдасу, ашықтықты қамтамасыз ету болып табылады.
Тұтынушылар тарапынан келіп түскен пікірлер мен ұсыныстарын ескере отырып, Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласында қоғамдық тыңдауды қосымша тағы да өткізу туралы шешім қабылданды. Мұнайлы ауданында қоғамдық тыңдау 11 қазан күні сағат 16.00-де Маңғыстау ауылы, 24 квартал, 10/5 ғимарат, Ф. Оңғарсынова атындағы мәдениет үйінде өтті.
Қоғамдық тыңдауда «Маңғыстау Жарық» ЖШС компаниясының өкілдері тарифтік сметаның жаңа жобасының негізгі тұстарын түсіндірді:
- Тұтынушыларға жеткізілетін электр энергиясының шамамен 95% оны өндіру және тасымалдау бағасынан тұрады. «Маңғыстау Жарық» қазіргі уақытта энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын алып, оны энергетикалық компаниялардан желі арқылы жаңа бағамен беру бойынша қызметін атқарады. Соңғы үш жылда бүкіл мемлекет деңгейінде болып жатқан инфляциялық процестер тариф бағасына әсерін тигізбей қоймады. Мысалы, энергетика саласындағы жалақының орташа деңгейі өзгерді. Біз мұның бәрін ескеріп, тарифтік сметаға қосуға мәжбүрміз. Жалпы компания шығынмен жұмыс істей алмайды. Алайда, тарифтерді қарау кезінде біз сараланған тәсілді қолданамыз, - деп түсіндірді компания өкілдері.
Бұл жағдайда халық үшін тариф қалыпты мөлшерде көтеріледі. Ал жүктеменің негізгі басымдығы тұрмыстық емес тұтынушыларға беріледі. Сондықтан қосымша құн салығымен 1 кВтсағ үшін жалпы орташа құны 27,15 теңге болған кезде Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданы бойынша тұтынушылар санаттары бөлінісінде күтілетін тариф мынадай:
тұрғындар үшін - 21,44 тг/кВтсағ (ҚҚС-мен),
заңды тұлғалар үшін - 28,49 тг/кВтсағ (ҚҚС-мен),
бюджеттік ұйымдар үшін - 35,46 тг/кВтсағ (ҚҚС-мен).
-Көріп отырғаныңыздай, халық(жеке тұлғалар) үшін тарифтер шектеледі және өзіндік құнынан төмен белгіленеді. Бұл ретте заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін тарифтер халық тарифтерінің шығындарын жабады. Осылайша, тарифтердің өсуі бойынша негізгі жүктеме заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға түседі, - деп түсіндірді мамандар.
Қоғамдық тыңдау барысында Мұнайлы ауданының тұрғындары белсенді түрде сұрақтар қойып, оларға мамандар жауап берді. Компания өкілдері тұрғындарға жаңа тарифтерді бекіту бойынша түпкілікті шешімді ұсынылған тарифтік сметаға сараптама жүргізілгеннен кейін құзыретті орган – Маңғыстау облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті(ДКРЕМ) қабылдайтынын айтты.